История школы

Ауылдың тірегі – мектеп. Ал мектеп жоқ жерде ауылдың келешегі жоқ екені анық. Сан мыңдаған шәкіртті түлеткен Алқатерек орта мектебінде де болдық. Қазір мектепте 108 бала білім алып, шағын орталықта 19 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде 26 ұстаз еңбек етеді. Қабырғасы 1976 жылы қаланған білім ошағының сырт келбетінен-ақ оның іші қандай күйде екенін аңғаруға болады. Осы уақытқа дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген мектептің жағдайы айтпаса да түсінікті емес пе? Мектептің шатырын ауыстыру қажет. Тозығы жеткен терезелер де оңып тұрған жоқ. Қысты күндері мектеп іші жылынбаған, ұстаздар мен оқушылар бүрсең қаққан. Электр сымдарын да жаңарту керек. Арнайы бекітілген талап бойынша мектептердің жертөлелерінде орналасқан жылу қазандықтары сыртқа шығарылуы тиіс. Бұл бірінші кезекте қауіпсіздік үшін қажет. Бірақ бұл мектепте жылу қазандығы іште орналасқан. Сыртқа шығаруға олардың мүмкіндігі жоқ. Өйткені, бұл жұмыс қыруар қаржыны талап етеді. Жылыту маусымы аяқталған соң, қазандықты сыртқа шығару жоспарлануда. Күрделі жөндеуді қажет етсе де, оқу ордасындағы білім сапасы жоғары. Оқушылар жаңартылған білім беру жүйесі бойынша оқытылуда. Жаңартылған білім демекші, маман тапшылығы да бар. Жаңа заман сұранысына сай үштілді оқыту жүйесі бойынша оларға ағылшын, орыс тілдері пәндерінің ұстаздары қажет. Ал тестілеу қорытындысы бойынша жыл сайын түлектер жоғары көрсеткішке қол жеткізуде. Қазірдің өзінде ұлттық бірыңғай тестілеуден алған орташа ұпайлары – 110 балл.Ұстаздар мен оқушылар үнемі аудандық, облыстық, республикалық байқауларға, олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атануда. Өнерлі балалардың талабы сүйсінтеді. Әсіресе, айтысқа қатысып, ән-жырға, өнерге жақын ұл-қыздардың болашағынан ұстаздары зор үміт күтеді. Кітап қоры жеткілікті. Ал қосымша компьютерлермен қамтамасыз етілсе, тіпті, жақсы. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына тегін тамақ беріледі. Білім беру саласы ғана емес, саламатты өмір салтын ұстану да оң жолға қойылған. Сондықтан спорттағы жетістіктері бір төбе. Жалпы, қазағы көп алыс ауданда ұлттық спорт ойындары жақсы дамығанын атап өткен жөн. Балалардың ұлттық ойындарға қызығушылығы ерекше екеніне тоқталған мектеп директоры Руслан Тәменов қазақ күресінен республикалық сайыста балалар жақсы көрсеткіштерге ие болғанын тілге тиек етті. Көкпар сияқты ұлттық спорт ойындары жақсы дамыған.Ауыл тұрғындары мұндағы таза ауызсу мәселесін айтуда. Бұл мәселе облыстық деңгейде көтерілгенімен, әлі нақты шешімі болмай отырғанына қапаланған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайыркеш Жұматаев мән-жайды баяндады. Қазір тұрғындар ескі заманның сарқыншағындай әр жерде бастары қылтиған құдықтардың суын ішуде. Ал мал саны әжептәуір ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен бейнет. Ақсақалдардың айтуынша, ауылда істен шыққан су ұңғымасы бар. Сондықтан көрші ауылдардан су тартпай-ақ, ұңғыманың жанынан таза ауызсу көзін ашуға болады. Ауылдың болашағына алаңдаған ақсақалдар, тіпті, Сенат депутаттарына хат жазып, ауыз су мәселесін көтерген.“Ақылды қария – ағып жатқан дария” демекші, Алқатерек ауылында барлық іс ақсақалдар алқасында шешіледі. Ақыл айтар қариялардың сөзін тыңдап, ақылын алатын жастар қазыналы қарттарын сыйлап, құрметтейтіні – көрегендіктің белгісі. Өз кезегінде тентекті тезге, тентірегенді жөнге салатын ақсақалдар жастардың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайды.